Жұмысшылардың дені өзге өңірден келген. Вахталық әдіспен жұмыс істеп жүргендер құрылысты тоқтатып, жалақыны тезірек беруді талап етті.
Ертіс өзені арқылы өтетін төрт жолақты жаңа көпірдің құрылысы 2022 жылы басталған. Жоспар бойынша қолданысқа келесі жылы берілуі тиіс. Тапсырыс беруші – облыстық әкімдік. Шенеуніктердің айтуынша, республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы кешігіп, салдарынан 150 жұмысшыға айлық бере алмаған.
Жұмысшыларға медициналық сақтандыру мен зейнетақы қорына ақша аудармаған құрылыс компаниясын құзырлы органдар тексереді.“Республикалық бюджеттен ақша кешігіп жатыр. Бұл қаржы маусым айында түсуі керек. Бүгінде жұмысшылар алдындағы берешек 67 миллион теңгеден асады. Көлік министріне хат жолдадық. Мәселені тезірек шешіп беру үшін қолдан келген шараны жасап жатырмыз”, – деп мәлімдеді Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.
Қалада қазір екі көпір бар. Біреуінің тозығы жетіп, апатты жағдайда тұр. Сондықтан жергілікті билік үшіншісін салуды ұйғарыпты. Оның құрылысына 30 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсау көзделген.
Информбюро31 видео: