10.09.2019 / Қазақстан

Құқыққорғаушылар қазақстандықтардың еңбек құқығын қорғайды

Құқыққорғаушылар қазақстандықтардың еңбек құқығын қорғайды
Еңбек құқығы бұзылған қазақстандықтарға құқыққорғаушылар көмектеседі. Заңгерлік кеңес беріп, бұзылған құқықты сот арқылы қалпына келтіруге атсалысады. Сонымен қатар, елдегі аталған мәселеге қатысты жағдайдың жақсаруына барынша ықпал етуге тырысамыз дейді олар.

Бүгін Бюро баспасөз залында өткен баспасөз мәжілісінде Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі бюро мен Халықаралық құқықтық бастама қоры бірлесіп, халықаралық «Центр солидарности» ұйымының қолдауымен жаңа жобаның басталғанын мәлімдеді.

Баспасөз мәжілісінде алғашқы болып сөзді «Центр солидарности» ұйымының өкілі Джефф Уилер алды. Ол Қазақстанның еңбек құқығын бұзу рейтингі бойынша әлемде алғашқы ондыққа кіретінін, сондықтан жергілікті құқыққорғаушылардың еңбек құқығын қорғауда жұмысын қолдау олардың ұйым үшін өте маңызды қадам екенін мәлімдеді.

«Жуырда Ерлан Балтабаевтың бостандыққа шығуына біз өте қуаныштымыз. Қазақстан үкіметінің мұндай қадамдарын құптаймыз. Еңбек құқығы мен кәсіподақтар бойынша жақсы қадамдар ары қарай жалғасуын қолдап, егер бұл үрдісте біздің қандай да көмегіміз тисе қуанышты боламыз. Аталған жоба бойынша бізбен әріптестік қарым-қатынас орнатқан жергілікті құқыққорғау ұйымдарына алғысымызды айтамыз», - деді ол.

Қазақстандағы адам құқығы және заңдылықтың сақталуы бойынша бюро директорының орынбасары Денис Дживаго болса, азаматтарға жоба аясында екі жыл бойы алғашқы құқықтық кеңестен бастап, еңбек құқығын сот арқылы қалпына келтіру бойынша көмек берілетінін жеткізді.

«Енді еңбек құқығы бойынша кез-келген сауалмен азаматтар Бюроға арызданса, заңгерлік кеңес және жоба аясында қарастырылған басқа да заңдық көмек алуына болады», - дейді Д.Дживаго.

Ал Халықаралық құқықтық бастама қоры елдегі еңбек құқығының сақталу, бұзылу фактілері бойынша мониторингтік зерттеу жүргізетіні айтылды.

«Қазірдің өзінде бізге еңбек құқығы бойынша көптеген шағымдар түседі. Ендігі кезекте біз Қазақстанның алты аймағы бойынша мониторингтік зерттеу жүргізіп, ақпаратты топтастырып, жүйелеумен, тиісті есептер дайындаумен айналысатын боламыз», - дейді Айна Шорманбаева.

Көзі: Қазақстандағы адам құқығы және заңдылықтың сақталуы бойынша бюро